• Mail Us
  • Call Us

Қазақстандық студенттер Мәскеудегі халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетті

Халықаралық ынтымақтастық · Мәдениет

Қазақстандық студенттер Мәскеудегі халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетті

19 қараша 2026 жыл

📍 Мәскеу · Ресей
📅 16–24 қараша 2026

Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері Мәскеудегі «ГИТИС – Шеберлік сағаты» халықаралық театр фестивалінде «Палата» спектаклін сахналады.

Мәскеуде 16–24 қараша аралығында ТМД елдері студенттерінің «ГИТИС – Шеберлік сағаты» халықаралық театр фестивалі өтіп жатыр. Фестивальді Ресей театр өнері институты (ГИТИС) ұйымдастырған.

Фестивальге Қазақстан атынан Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері қатысуда.

Бағдарлама аясында «Актер өнері» мамандығының үшінші курс студенттері қазақстандық драматург Сая Қасымбектің пьесасы бойынша «Палата» спектаклін сахналады. Қойылым колледж оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майса Утебаеваның жетекшілігімен дайындалған.

Спектакльден кейін ГИТИС студенттері, көрермендер мен жас актерлер қойылымды талқылап, оның көркемдік шешімдері және театр өнеріндегі заманауи тәсілдер жөнінде пікір алмасты.

Фестиваль аясында ГИТИС оқытушылары сахна тілі, сахна қозғалысы және актерлік шеберлік бойынша дәріс оқып, шеберлік сабақтарын өткізеді.

Қазақстандық студенттердің халықаралық фестивальге қатысуы кәсіби тәжірибе алмасуға, ТМД елдерінің театр мамандарын даярлайтын оқу орындары арасындағы шығармашылық байланысты дамытуға және отандық театр өнерін кеңінен танытуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.